Фариза Оңғарсынова, ақын: «Ел қатал деп жүрген мінезім – менің болат сауытым»

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2015 07:25
Фариза Оңғарсынова, ақын: «Ел қатал деп жүрген мінезім – менің болат сауытым»

- Фариза апа, өмірден өткендері бар, тірілері бар, Сізді қазақ ақындарының қайсысының тағдыры ерекше қызықтырады? Мәселен, Махамбет, Ақан сері, Біржан сал, Мағжан, Мұқағали, Төлеген ақындардың қай-қайсысы да ерекше тағдырлы ақындар ғой...

- Әрине, дүние есігін ашқан адамның бәрінің тағдыры болатыны заңды. Шығарма жазатын, оның ішінде композиторлар мен ақындардың тағдыры ерекше деп ойлаймын. Әлгінде өзің айтқан ақындардың ішінде өзіме ең жақыны – Ақан сері. Оның жалғыздығы, күңкілшіл көптің көре алмауы, мұң тұнған әрбір әні – бәрі-бәрі жаныма жақын. Кейбіреулер мені адуын, мінезсіз, қайғы-қасіретті білмейтін адам көреді. Олар менің әр өлеңімдегі қайғы-мұңды түсінбейді.

- Қазақта небір дүлей ақындар болды. Мәселен, бір Меңдекеш Сатыбалдиевтің өзі неге тұрады?! Меңдекештің замандастары Төлеужан Исмайлов, осы Арқада өмір сүрген Еркеш Ибраһим, Ақтөбеде туылып, өмірін Алматыда аяқтаған Сағи Жиенбаев... Одан беріде өмір сүрген Дүйсенбек Қанатбаев пен тамаша лирик Есенбай Дүйсенбаев... Өкінішке қарай, бұлардың бәрі-бәрі ұмытылып барады. Есесіне мақаламен айтатын мәселелерді өлеңге айналдырып жүргендер «озды». Ол үшін өкіметке өкпелеу орынсыз, оқырмандардың өздері де осы таланттарды естен шығарып үлгерді. Бұлардың қай-қайсысы да «мен мықтымын» деп жүрген бүгінгі «классиктерге» ұстаз болуға жарайтын тұлғалар еді. Қазақ оқырмандарының осынша ұмытшақ болуының себебі неде деп ойлайсыз?

- Өзің атаған ақындарды мен де көре қалдым, қатар жүрдік. Төлеужанмен кездескен емеспін, басқаларын танитынмын. Меңдекеш менің шығармашылық жолға түсуіме бірден-бір себеп болған. Бұл алпысыншы жылдардың аяғы еді. Мен жоғары оқу орнын бітіріп, ауыл мектебінде сабақ беріп жүргенмін. Меңдекеш Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдебиет, мәдениет бөлімінің меңгерушісі: 
– Оңғарсынова жолдас, сені үлкен ақын болады деп жүрсек, мұғалімдіктен босай алмайтын түрің бар ғой. Біздің редакцияға келсейші, әдеби орта, көп нәрсені үйренесің, – деп телефон шалды. Мен ол кезде ауыл мектебінде жоғары кластарға сабақ берумен қатар, кешкі жастар мектебінің директоры едім.

Сүйтіп жүргенде Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергенов біздің мектепте кездесу өткізді. Оған мұрындық болған, әрине, Меңдекеш болатын. Төлегеннің өлеңдері маған қатты әсер етті.

Айтып отырғаның өте дұрыс, айналайын. Өзің секілді кімнің кім екенін білетін, бағасын беретін оқырмандар сирегені рас. Себебі қазір кітап оқымайтын болды ғой, әсіресе жастар жағы. Интернет деген ғаламат шықты да, адамдарды "дуалап" жатыр. 
Компьютер, интернет дегендер кітаптың беретін білімін бере алмайды, адамды дайын асты іше салуға баулиды. Мысалы, қазіргі оқушы, студент жастардың дені тест сұрақтарына жауап беру үшін барлық жауапты интернеттен көшіріп алады. Олар сөйлеуді білмейді, себебі әлгі сұрақтарға қосу немесе басқа белгілерді қояды. 
Ал, кітаптың беретін ілімі ананың сүті тәрізді бойға, қанға сіңеді. 
Қазақта Абай мен Мұқағалидан басқа ақын жоқ секілді. Өзің айтып отырған Сағидың, Жарасқан мен Кеңшіліктің, Дәуітәлі мен Серік Томановтың өлеңдері қандай! 
Екіншіден, қазір жұрттың бәріне уақыт жетпейді, жанталасқан тірлік, жағаласқан өмір. Кітап оқуға кісінің қолы тимейді. Қоғамдық жүйе адам баласын осыған тәрбиелеп отыр. Қараңыз, министрліктерде, банктерде, тағы басқа мекемелерде таңғы 900 дан түнгі 2200-2300-ге дейін қызмет істейді. Ел аман, жұрт тыныш, соғыс жоқ, бірақ адамның жан дүниесінде рахат сезім жоқ. Адамдар бала-шағасын көрмейді, Ал, жанұя деген мемлекет, біздің мемлекетті сол шағын мемлекеттер құрайды ғой.

 Міне, осының бәрі елді ойсыздыққа, тек күнделікті күйбең тірлікке тәуелді етуге тәрбиелейді.

- Былтыр Қазақстан жазушыларының кезекті съезі өтті. Ондағы болған жайларды біреулер интернетке салып жіберіпті. Зиялы аталатын қауымның бірін-бірі тыңдамай, сөзге қонақ бермей бір-бірін жеп қоя жаздауының себебі неде? Ақын-жазушы емес, жәй қарапайым адамдардың өздері бірін-бірі тыңдай алады ғой. Сонда біздің қоғамдағы ең мәдениетсіз адамдар ақын-жазушылар болғаны ма?

- Ақын-жазушыны ең мәдениетсіз, топас топ деуге болмайды. Жазушымын деп көкірек қағып жүргеннің бәрі данышпан емес екенін өзің де айтып отырсың. Адамзат тарихындағы керемет деген суреткерлер де бәсекелестік дертімен ауырған.

- Біздің әкелеріміз «кешегі кеңес тұсында бір ақын немесе бір жазушы ұлттық мәселе көтерсе кез келген қазақ оның соңынан еріп кетер еді» дейді. Қаламгер ақын-апаларымыз ренжімесін, бүгінде олардың артынан ешкім ере қоймайды. Небәрі жиырма-отыз жылдың ішінде қаламгерлер неге осыншалықты ұсақталып кетті? 
- Бұл сұрағың да әлгі айтылған пікірдің щеңберінде жатыр.

- «Тіл – қапаста, дін – бұғауда болған кешегі тоталитаризм заманында ақын-жазушылар ұлт руханиятының шырақшысы болды» дейміз. Ол заманды біз көрген жоқпыз, рас болса рас шығар. Бүгінде тіліміз төрге шығып кетпесе де оның проблемасын үлкен мінбелерден айта аламыз. Дінді жолға қоям десе молда да, мешіт те жетеді. Алайда, ұлттан рухани сілкініс байқалмайды. Неге?

- Ұлтта рухани сілкініс болмаса, 1986 жылғы Алматыда басталып, қазақ даласына ұран салғандай әсер еткен революция қайдан шықты? Тәуелсіздігімізге бастау болған сол емес пе еді?

Сен "тоталитаризм" атап отырған кеңес саясатының заманында Жазушылар Одағы шын мәнінде қазақтың мешіті болды. Тіліміздің, табиғи болмысымыздың сақтаушысы ақын-жазушылар, олардың шығармалары болғаны шындық. 

Ал сенің көңілің толмай отырған жайлардың бірнеше себептері бар. Халық сілкініп сөз айтуға қорқады: әркімнің бала-шағасы бар, солардың тағдырына сөзімнің зияны тиіп кете ме, солар жазым бола ма деп биліктен селкенеді. Үрей жүрген жерде үстемдік болатыны белгілі. 

- Бұрын сыншылардан бөлек бір ақын бір ақынның, бір жазушы бір жазушының шығармашылығы туралы газет-журналдарда жылы пікірлерін білдіріп жататын. Қазір бір-бірі туралы жазбайды, жазса көбінде бір-бірінің пендешіліктерін көрсетіп жамандап жатады. Осы мәселе жақын арада жойылады деп ойлайсыз ба?

- Бұрын ақын-жазушылар басқа әріптестерінің шығармашылығы туралы пікір білдіретін еді деп отырсың, әлі солай ғой. «Менен басқаның бәрі жазушы (немесе ақын) емес» деген мақалаларды кездестірген емеспін. Егер ондайлар болса, уақыт өзі екшейді. Орыс оқырмандары Пушкинді де жүз жылдан кейін мойындай бастаған. Бұл күнде ақын-жазушы өзге әріптестері жайлы тіл қатпайды дегеніңе келісе алмаймын. Газеттерде ондай мақалалар шығып жүр.

- Тағы да әкелеріміз айтады: бұрын әр жылда оқырмандардың есінде қалатын бір кітап шығатын еді. Мәселен, Қадыр Мырза Әлидің «Домбыра», Сіздің «Шілде», Мұқағалидың «Өмір-өзен», Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым бар», Жұматай Жақыпбаевтың «Саратан», Асқар Сүлейменовтің «Бесін», Дулат Исабековтің «Қарғын», Төлен Әбдіковтің «Әке» деп аталатын кітаптары ұлт руханиятындағы құбылыс ретінде қабылданған еді, – дейді. Қазір поэзияда болсын, прозада болсын, сондай құбылыс ретінде қабылданған кітаптар бар ма? Өткен жылғы демей-ақ қоялық, соңғы он жылдағы елді елең еткізген ең мықты шығарма деп кімдердің көркем туындыларын атар едіңіз?

- Мен Дулат Исабековтің драматургиясын, Рахымжан Отарбаевтың прозалық шығармаларын, Оңайгүл Тұржанованың лирикасын, Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері мен Несіпбек Айтұлының поэмаларын атар едім.

Бұлардың бәрі де менің қабылдауымда сүбелі шығармалар.

- Жалғыз әдебиетте емес, жалпы өмірде аға буын жастарға риза болмай жатады. Сіз бүгінгі жастарға ризасыз ба?

- Өзің менің өлеңдерімді көп оқымайтын секілдісің, шамасы сенің де уақытың жетпей жүрген шығар. Ендеше тыңда:

Мен қорықпаймын

сұсты тұлғаларыңнан, асқарларым,

Жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.

Көңіл-сұңқар емес пе – келеді ылғи

асқарлардан да әрі асып аспандағым.

Өршіп қайта жаныма от алмасам,

Мен әйтеуір құздардан жасқанбадым.

Сезем – талай жанардан жас парларын.

Тарлау жолда тайғанақ тастар барын.

Шырқау деген шыңдардан құлау емес,

Жасыма тек,

жас құсым – жақсы арманым!

Шырқау шыңның жолында

дариялар бар бұрқанып аласұрған,

Жан шошырдай сұстанған қара сұр маң.

Тұңғиығына көз салсаң,

көңілің жүдеп,

Түңілген сәтің секілді жанашырдан.

Мен құлашты сермеймін – дарияны өтіп

Әрі асуға қайтсем де ана шыңнан

(Талпынар құз болмаса.

адам деген

Құр қалатын тәрізді бар асылдан).

Мен құласам құлармын

Жалын сөніп жанымда,

біткенде дем,

Әйтпесе түк емес қой жүктер деген.

Биіктерге самғамай тұра алмаймын,

бұдан басқа бақытты күткен де емен.

Мен қорықпаймын

шырқап-шырқап, бұл күнде біткендерден

Самғай алмай, ызадан бұлт теңдеген.

Сезбей өмір азабын, қуанышын

мелшиіскен, адамдай түк көрмеген.

Қауіптенем жалғыз-ақ: жерде тұрып

от жанарын қияға тіккендерден...

деп баяғыда жазғанмын. Немесе:

Жастар –

жара түспеген жанына әлі

түсінгендей жанымды табынады;

менің асқақ әм мұңды жырларымды

іздеуі хақ солардың, сағынары...

Мен кешпеген дүние жоқ екенін

сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі, – деп те жазғанмын.

Мұның бәрі жәй айтыла салған ой емес. Мені о бастан замандастарымнан гөрі жастар көбірек оқиды.

Жастарға ризамын. Олар баяғы жас кезіміздегі бізден басқаша – ойлы, білімді, ұлтжанды. Әрине, жастардың бәрі бірдей болмас.

- Сіздің кешегі кеңес заманында кітаптарыңыз аз шыққан жоқ. Өлеңдеріңіз Алматыдағы баспалардан, Мәскеудегі баспалардан орысшаға да аударылып, жеке кітап болып та шығып жатты. Балалар журналының редакторы болдыңыз. Ол кездегі қоғамдағы бақуат тұратындардың көпшілігі ақын-жазушылар еді. Солар ақша ауысқанда жиған дүниесінен бір-ақ күнде айрылып қалды. Арасында жүрегін ауыртып алғандары да жоқ емес. Сіз осы процесті қалай өткіздіңіз?

- Мен ешқашан бай болған емеспін. Көмектесетін, жанашыр аға-інілерім болған емес. Керісінше, жастай қайтыс болған жалғыз ағамның жеті баласын және өзімнің бір баламды қатарларынан кем етпеймін деп өсірдім, оқыттым. Мен қозылаған қойдай жыл сайын кітап шығарып, қаламақы алған емеспін. Үш-төрт жылда орақтың сыртындай өлең жинақтарым шыққанда, балаларға киім-кешек алып мәз болатынбыз.

- Апа, Сізді былайғы жұрт бетке тіке айтады дейді. Қатал дейді. Аяғын тартып тұратындар да аз емес көрінеді. Ал, өлеңдеріңіз тұнып тұрған лирика. Сіздің лирикалық Меніңіз барынша мейірімді, барынша ақжарқын, адамдарды ерекше жақсы көреді, сүйсе де, ренжісе де жасандылықтан ада. Егер шынымен қатал болсаңыз өмірдегі мінез бен өлеңдегі мінездің сәйкес келмеуін немен түсіндіресіз?

- Менің өмірім де, өзім де – өлеңім. Жұртты басындырмау үшін ойымды жасқанбай айтуды бері келгесін үйрендім. Ел "қатал"деп жүрген мінезім – менің болат сауытым. Осы кезге дейін мені қорғап келеді

- Жалпы соңғы жарты ғасырда мемлекет басқару ісіне араласқан әйелдер некен-саяқ. Әрі кетсе екі қолдың саусағынан аспайтын шығар. Қараңыз Индира Ганди, Маргарэт Тэтчер, Беназир Бхутто, Ангела Меркель, Юлия Тимошенко... Көпшілігінің тағдыры аянышты аяқталып жатады. Жалпы, әйелдердің ел басқару ісіне араласуына қалай қарайсыз? Қазаққа гендерлік саясат қол деп ойлайсыз ба? Біз осы арқылы кешегі Раушан коммунистерді өмірге қайта әкелмейміз бе?

- Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, әйел атаулының бәрі шашы ұзын, ақылы қысқа салпы етектер емес. Сондай-ақ олардың әрқайсысы Томирис немесе Әлия мен Мәншүк екен деп те ойлауға болмайды.

Бірақ әйел де – жаратушының перзенті. Олардың арасында да даналар мен даралар болады. Тек кімнің қандай екенін бағалай білу және тани білу керек.

Индира Ганди, Маргарет Тэтчер, Беназир Бхутто – бәрі де халқына, адалдыққа қызмет еткен ірі тұлғалар деп білемін.

Жалпы әйелдің басқару ісіне араласуының ешбір оғаштығы жоқ. Ақылды әйел жүрген жерде үйде болсын, мекемеде болсын жарасымды тірлік болады. Ұяттылық, жауапкершілік, тиянақты тәртіп те есті әйелдің күн тәртібінен түспейді. Әңгіме ел басшыларының соларды көре білуінде.

Мысалы, біздің елімізде облысты немесе қаланы басқарып жүрген бір де бір әйел заты жоқ.  
Біз "байтал шауып бәйге алмас", "алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық" дегенді принцип етіп келеміз. Шығыс халқымыз, мұсылмандық қағида бойынша әйел заты әулие болса да, бөрік кигендерден именуді парыз дейді, өзі парыз демесе де, орта мәжібүр етеді. 
Қоғам әйел, еркек деп жынысына қарап емес, ақыл-ойына, білгірлігіне, адами қасиеттеріне, алғырлығына қарап бағалауы керек. Ер-азамат пен әйел заты бірдей деп ғасырлар бойы айтылып келеді, алайда жер бетінде адамзат қоғамы пайда болғалы еркектер әйелдерді қанаумен келеді. Әлі де солай. Бұл – әлемдік дәстүрге айналып отыр. 
Әрине, әйелдің бірінші парызы – ана болу. Сонымен қатар оның таланты, адами қасиеттері болса, неге ұжымды, қаланы, облысты, мемлекетті басқармасқа? 

- Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Серғали Балажан
Фотомұрағат
Бізбен бірге болыңыз