Фариза Оңғарсынова: «Әдебиетке келуіме біздің үйдің қайғысы себеп болды»

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2015 07:23
Фариза Оңғарсынова: «Әдебиетке келуіме біздің үйдің қайғысы себеп болды»

– Туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айтсаңыз. Ата-анаңыз қандай жандар еді? Отбасында қанша бала өстіңіздер?

– Туған жерім Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысының ортасында жатқан Нарын құмының ішінде. Әкем Оңғарсын – қазіргі Атырау облысында алғаш балық шаруашылығын ұйымдастырған, оқыған, елге қадірлі болған адам. Анам Халима арабша хат танитын, он баланы дүниеге әкелген, өле­-өлгенше бес уақыт намазы мен оразасын қаза жібермеген, ауыз әдебиетін жақсы білетін кісі еді. Балаларының біразы жас­тай қайтыс болған, мен ең кішісі едім. Әкем есімде жоқ, менің кішкене кезімде жүрегі ауырып қайтыс болған. Анам бертінірек, 70 ­жылдары дүниеден өтті.

– Атыңызды Фариза деп кім қойды? Сол ат қою оқиғасын еске алсаңыз.

– Әкем балық шаруашылығында басшы қызметкер болғандықтан, біздің үйіміз Каспий теңізінің жағалауындағы Манаш ауылына көшіп келіпті. Сол ауылда Нәсимолла деген татар молда бар екен. Әкем мен туғанда сол молданы шақыртып, өзі мінетін Бозжорға деп аталатын атын беріп, менің есімімді қоюды сұрапты. Фариза – «бірегей» деген сөз екен.

– Сіздің балалық шағыңыз соғыс жылдарына тап келді. Сол кезеңге ойша саяхат жасасаңыз, қандай оқиғалар еске түседі?

– Менің өскен жерім – сусыз, тері сүйреткендей тақыр аймақ, себебі, асты тұнған байлық – мұнай, газ болғандықтан жердің бетінде көк шөп шықпайды. Каспий теңізі тартылып бара жатыр. Су жоқ. Бала күнімнен ауыл адамдарының ішетін су іздеп, жағатын отын іздеп, тыным көрмейтін мазасыз тірліктерін көріп өстім. Өзім кішкентай болсам да соларға жаным ашитын.

– Еңбек жолыңыз қалай басталып еді? Қазақ зиялыларының көпшілігі – кешегі ауыл балалары ғой. Сол ауылдан Алматыға келу тарихыңызды білгіміз келеді...

– Атырау педагогикалық институтын бітірген соң, Балықшы ауданына қарасты (қазір ол ауданды таратып жіберген) ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істедім. Одан кейін «әдеби орта ғой» деп сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа кірдім. Ол жерде Меңдекеш Сатыбалдиев деген ақын, Тілек Дәулетов, Әміреш Жұмағалиев секілді жазушы-журналистер еңбек етеді екен. Жылдан аса жұмыс істеген соң мені Шерхан Мұртаза ағамыз өзі бас редактор болып отырған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстары бойынша меншікті тілшісі болуға шақырды. Жыл жарымдай сол жұмысты атқардым. Одан соң Алматыдағы мектеп оқушыларына арналған республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің, ке­йін «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы болып қызмет істедім. Бұл кезде менің өлеңдерім республикалық танымал газет-журналдарда басылып, ақын ретінде белгілі бола бастаған едім. Алматыға келуімнің тарихы осы.

– Ең алғашқы жазған өлеңіңіз қандай еді?

– Алғашқы жазғаным 5-сыныпта бірге оқитын бір баланы келемеж етіп шығарған сегіз жол өлең болатын. Әрине, оны өлең деп айтуға келмес. Бірақ аздап ұйқасы, ырғағы бар нәрсе болғандықтан, қасымдағы құрбыластар өлең деп қабылдапты және үйлеріне «Фариза ақын екен» деп айтып барыпты. Олардың аналары менің шешеме келіп: «Сенің кішкентайың өлең жазады екен ғой?!» – депті. Әйтеуір, не керек, сол күні мен ақынмын деген оймен ұйқыға кеткенім есімде.

– «Өлең, мен сені аялап өтем...» дейсіз. Сіздегі поэзияға ғашықтықтың түп-бастауы неде жатыр? Әдебиетке келуіңізге себеп болған жайттар бар ма? Сізді ақын еткен не күш, не құдірет деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, ақындық, композиторлық ешқандай оқумен, үйренумен келмейді. Бұл екеуі де – табиғаттың беретін қасиетті сәулесі. Мен мектепке бармас бұрын мұғалім болып істейтін 22 жасар апайым ауырып қайтыс болды. Оның алдында 9-сынып оқитын ағайым да аз ғана ауырып дүние салған. Осының бәрі біздің үйге, әсіресе анама үлкен қайғы-қасірет әкелді. Мен анамды жұбатайын деп кіп-кішкентай болып «Батырлар жыры» кітабын, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырларын үйді басыма көтеріп оқи беретінмін. Сонда анам жасын тыйып, мені тыңдайтын. Кітап оқуға, әдебиетке келуіме біздің үйдегі осындай қайғы себеп болды-ау деп ойлаймын.

Мұқағали поэзиясы менің өміріме ерекше әсер берген жоқ

– Сіздің күйшілік те қырыңыз бар. Бірнеше өлеңдеріңізге ән жазылған.

– Музыканы жақсы көретінім рас. Мектепке бармай тұрып-ақ домбыра тарттым, кейін мандолин тартып үйрендім. Мектебіміздің домбыра оркестрінің белсенді мүшесі болатынмын. Жан-дүниеңді тебірентетін қазақтың халық әндері, одан кейінгі белгілі композиторларымыздың ғажайып әуендері қазіргі жастарға жат болып бара жатқанға ұқсайды. Қазақтың әні, күйі – керемет қазына ғой. Ал бүгінгі ән деп жазып, оларды айтып жүрген «әншілер» сарт-сұрт ырғақтан басқаны білмейді. Біз қаншама американдық немесе француз боламыз деп және соны абырой көріп тыртыңдағанымызбен, бәрібір олардай бола алмаймыз. Себебі, біз – қазақпыз. Алла Тағала жаратқан әрбір ұлт өзінің тамырын, өзегін сақтауы керек. Олай болмаса даланың қаңбағындай күй кешері сөзсіз. 

– Мен сіздің үш мерейтойыңызға қатыстым – 50, 60, 70 жас. Әр мерейтойда сіздің М.Мақатаевпен рухани-шығармашылық байланысыңыз туралы мини-спектакль қойылады. Сіздің өміріңізде Мұқағали және оның поэзиясы қаншалықты орын алады? Оның сізге арнап жазған «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» өлеңінің жазылу тарихы қандай?

– 50-60 жасыма байланыс­ты кештерде Мақатаев туралы немесе менің онымен шығармашылық және адами байланыстарым жайлы ешқандай сөз болған немесе спектакль қойылған емес. Бұл жерде қателесіп отырсың. Ал жақында Алматыдағы Опера және балет театрында өткен кеште Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырымыздың арнайы пікір-нұсқауымен жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Мұқағали мен Фариза» деген шағын қойылымы көрсетілгені рас. Мұқағали поэзиясының менің өміріме ерекше әсер берген кездері жоқ. Жалпы қазаққа және ақындарға Мұқағали поэзиясы қандай құнды болса, мен де сол деңгейде бағалаймын. Ал қайтыс боларының алдында ауруханада жатып «Фаризаға» деген өлеңін жазып, маған поштамен жіберген еді. Мен сол хатты алған күні Жазушылар одағының жұмсауымен халықаралық жиынға қатысу үшін Баку қаласына ұшып кеттім. Мен сол жақта жүргенде Мұқағали ақын дүние салыпты...

Ал маған ақындық жолымда қатты әсер еткен – Біржан мен Сараның айтысы және Төлеген Айбергеновтың поэзиясы.

– «Мен саған ғашық емес ем» өлеңіңіздің жазылу тарихын білуге бола ма?

– Бұл топтама өлеңнің қадірлілігі – мені ақын ретінде оқырмандарға таныстырды, себебі, сол топтаманы Шерхан ағамыз өзі редактор болып отырған «Лениншіл жас» газетінің бетіне айқайлатып басқан. Әр өлеңімнің тарихынан есеп бергім келмейді.

– Әдеби-шығармашылық қызметте қол жеткізген табыстарыңыздың сыры неде деп ойлайсыз? Сіздің табысқа жету формулаңыз?

– Мен ешқашан әдебиетте немесе мансап жолында табысқа жетсем деп  ойлаған да, мақсат қойған да емеспін. Қазақ елінің қай ауылына барсам да, үлкен-кіші, бала-шағасына дейін мені танып, жүгіріп келіп амандасып жатады. Кей­­­біреулері бірер шумақ өлеңімді жатқа ай­тып,алдымнан шығады. Мен көбінесе «осыншалық сүйіспеншілік арнайтындай халыққа еш жақ­сылық жасағаным жоқ, бұлардың ықыласын немен өтеймін?» деп ойланамын. Шамасы, өмірдегі, өлеңдерімдегі шындықты ғана айтатыным, о бастағы өмірлік принциптерімді өзгертпейтінім, қандай билік биігінде отырған басшы болса да ойымдағыны бетіне тура айтатыным халыққа ұнайтын болу керек. Егер, Жарылқап, сен мені табысты адам деп ойлайтын болсаң, айтар шындығым осы.

Бастықтардың ыңғайына жығылуды жек көремін

– Ұзақ жылдар бұрынғы «Пионер», қазіргі «Ақ желкен» журналында бас редактор боп қызмет еттіңіз. Жалпы, ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы туралы мәселеде сізді қай нәрсе көбірек толғандырады?

– Қазір мені көп ойландыратын – бастауыш қазақ сыныптарына (жоғары сыныптарда да солай)арналған оқулықтардың жайы, себебі, немерелерім қазақ мектептерінде оқиды. Осыған байланысты олардың оқулықтарымен таныс­пын. Бала түгілі, мен өзім әрең түсінетін өлең, әңгімелер, бүгінгі баланың ұғымына сай келмей­тін шығармалар беріледі. Бұл жас сәбидің кітап оқуға деген құштарлығын құртады.

– Отбасылық өміріңіз жайлы айтып берсеңіз...

– Айвар атты ұлым бар. Келінім Анара екеуі үш перзент өсіріп отыр. Үлкендері Анита жоғары оқу орнын биыл бітірді, өзі менің бауырымда өскен болатын. Інім Асқардың баласы Алмасты екі жасында мен бауырыма басып едім, ол да үйлі-баранды азамат болды. Одан Ахметжан, Аслан, Алсу деген немерелерім бар. Бұлардан басқа жастай қайтыс болған жалғыз ағамның ұл-қыздары да өз перзенттерімдей менің айналамда. Олардың да әрқайсысы шаңырақ көтеріп, ұрпақтарын өсіріп отыр. Осының бәріне шүкіршілік айтамын.

Фотомұрағат
Бізбен бірге болыңыз