Назира Байырбек: ЖЕТІМТАУ

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2015 06:54
Назира Байырбек: ЖЕТІМТАУ

...Бірде түс көріппін. Фариза апам, Фариза Оңғарсынова үстіне ақшыл әдемі көйлек киіп алған, ақ түйеге мініп жатыр... Оянған соң жалма-жан ақын апама қоңырау шалдым. Үйінде екен. Өзінің мектепте оқушылармен кездесуге барғанын, жақсы әсер алып, көңілі шалқып қайтқанын айтып, ақтарылды... «Түсіңде көргенің, мені ойлап жүргеніңнен ғой, айналайын» деді артынша өзімді еркелетіп. Ол өткен жылдың көктемі болатын. 

Журналистикға енді қадам басқан шағымнан жанына жақын тартып, ақылшы апам да, сырлас досым да, мұңдасым да, тіпті қажет кезде қамкөңіл жанашырым да бола білген Фариза ақынды өз басым бөлекше болмыс иесіне, құбылысқа балаушы ем. Сондықтан да, «шеке-басы тырысып отырса», зекіп, ұрса салатын, тіпті өзі томсырайып, ренжіп тұрса да ішіндегісін ашып айтпай, «ерке» мінезімен сатыр-сұтыр «найзағай» ойнатып өтетін Фариза ақыннан не іргемді аулақ салмай, не іші-бауырына кіріп кетпей, қалыпты байланыс орнатып келіппін. Астанаға алғаш көшіп келгенімде жаман жатақханада тұрып жатқаныма қарамай, бірнеше рет үйге келіп, дастарханымнан дәм татыпты. Бізді де талай үйіне шақырып, өз қолымен дайындаған тағамдарын ұсынып, қонақ қылған еді. 

Тұңғышымыз Кәусардың тұсауын кесті. Балаларымды ертіп барсам, үнемі у-шуын көтеріп, маңдайынан иіскеп отырды.  

Фариза апа соңғы жылдарда ауырыңқырап жүрді. Мұрат екеуміз ол кісінің қолы босай қалғанда көңілін сұрап барып қайтатынбыз. Фариза апам Мұрат тұрғанда мені «көзіне ілмейтін». Екеуі көбіне бүгінгі журналистика мен әдебиеттің бет алысы, жас қаламгерлердің хал-жағдайы туралы ой бөлісіп отырушы еді... 

Ең соңғы рет ақын апамды өткен жылдың Наурызында көріппін. «Астана ақшамына» «Фариза тау» атты мақалам жарық көрісімен Бауыржан Омаров қоңырау шалған еді. Мақала өзіне ұнағанын және Фариза апа да өзінің өткен өміріндегі бір естелік қайта жаңғырып, разы болып отырғанын айтып, газеттен өз қолыммен апарып беруге кеңес берді. «Апай ауырып жүр. Қазір тура осылай көңілін сергітетін нәрселер қажет. Мүмкіндігің болса, қазір апаңа хабарласып, барып қайт» деді Бауыржан аға. 

Сонымен апама бардым. Ол кісі бара сала өзінің үлкен әсерде отырғанын аңғартты. Бұл жолы дәл мақалаға арқау болған Фариза-тау туралы әңгімеледі. Оңтүстікке сапарлап барғанда Аян Нысаналин деген ақын інісі бастаған азаматтар ақынды Қаратау бөктерінде, кең далада дастархан жайып, қонақ қылған екен. Сол жолы керемет әсерлі күндердің белгісі ретінде оңтүстік жұрты атынан анадайда оқшау тұрған тауды тарту етіп, Фариза тау атағысы келетінін білдіріпті.  

«Тау аса биік емес. Аласа да емес. Бірақ өзінше бөлек тұр. Басқаларға ұқсамайды. Өзінше бір құдіреті бар сияқты. Жұрт оны Жетімтау атайды екен. Міне, сол тауды «сізге тартамыз, «Фариза тау» деп атайтын боламыз» деді Аян...» Осылай көңілі өсіп естелік шомған ақын ақырындап орнынан тұрды да, келесі бөлмені бетке алды. Сондағы сөресінен шағын ғана бір кітапты алып келді. Сөйтті де, өзінің әлгі тауға қарап тебіреніп, «Жетімтау» атты өлең жазғанын айтты.  

Артынша: 

Көп жұрттың ұғымында: Айға аттаған 

Мен жүрген жаны қайрақ, қайратты адам. 

Ал, өзім «жетім» деген сөзді естісем, 

Сол бойда құздан құлап, жайрап қалам. 

 

Сан ғасыр шыр айналып жұмыр жерім, 

Таппады жетімдіктің бүгін де емін. 

Жан-жағы тұлдыр дала – тауға қарап: 

«Жетімтау. Жетімтау» деп күбірледім. 

 

Бұл дертті жоқ менің де емдер дәрім. 

Жанға, рас, жаны жүдеу дем берді әнім. 

Таңдандым таулар да шын тата ма деп 

Жердегі жетімдіктің кермек дәмін.  

 

Маңдайда естілмейді жыр да, шу да, 

Сонда да көңіл соқпас құр жасуға. 

Жанында Жетімтаудың таулар түгіл 

Төбе жоқ сырласуға, мұдасуға... – 

 

деп ақын апам отыз жылдай уақыт бұрын жазылған «Жетімтау» атты өлеңін оқи жөнелді. Апамның дауысында әдеттегідей өрлік, еркелік, паңдық, тәкаппарлық белгілерінің бірі де жоқ. Жан-дүниесінің белгісіз бір сырын аңғартқандай әлсіз ғана діріл бар еді. 

Өлеңін оқып біткен соң: «Мақалаға, міне, осы өлеңді қосқанда тіптен қатып кетер еді» деп, кітаптың бетін қолының сыртымен сарт еткізіп, жүзіме бұрылды... Маған сол сәт «Жетімтау» атты өлең Фариза ақынның ең бір жақсы көретін өлеңіндей, ақын өзінің жанын сол өлеңмен ғана ұқтырғысы келетіндей болып көрінді...  

Сол күні кетерімде Фариза апам «тұра тұршы» деп, ішке еніп кеткен. Бір кезде үлкен бір сурет алып шықты. Арыстанбаб кесенесі бейнеленген екен. Фариза апам мықшыңдап өзі көтеріп келді де, алдыма қоя берді: «Айналайын, менің саған дайындап қойған сыйлығым болмай қалды. Мына суретті үйіңе іліп қой. Сенің бір сүйенішің болсын!» 

Содан кейін Фариза апамды көргенім жоқ. Есесіне, неге екенін білмеймін, түсіме жиі еніп жүрді... 

Қараша айы болатын. Ай-күнім таяп, сәби күтіп жүргем. Бір күні тағы да түсіме Фариза апам кірді. Біз бір бақта жүр екенбіз деймін. Фариза апам «маған хабарласпай кеттің» деп ренжитіндей ме қалай. Бұрылып қарамайды. Алдыма түсіп кетіп барады. Бір сәтте жағдайды түсіндірген сыңайлымын. Екеуміз қайтадан бұрынғыдай сөйлесіп кеттік. Ол кісі намазға дайындалғандай дәрет алып жатыр. Ал мен құманмен қолына су құйып тұрмын... 

Апамның ауырып жүргенін естіп, сырттай тілеуін тілесем де, мазасын алмайын деп хабарласпай жүргем.  

Араға күн салып, ақыры қоңырау шалдым. Бұл жолы да тұтқа көтерілмеді. Амалсыз телефонмен хабарлама жаздым. Фариза апамды сағынғанымды, тағы да түсімде көргенімді, түсімде қолына су құйып тұрғанымды, тілектес қыздарының бірі екенімді жеткізуін өтіндім жанындағылардан.  

Бір күн өткенде жауап хат келді. 

«Нәзира. Хатыңды алдым. Рахмет! Мен екі ай болды, ауруханада жатырмын. Фариза апаң» депті ол хатта... 

P.S. Балам қырқынан шыққан соң апама барам деп жүрген едім. Кенеттен қайғылы хабар жетті. Фариза апам дүние салыпты. Неткен өкініш!  

...Ақын апам Жетімтаумен сырласқандай болып еді. Өзін де Жетімтауға ұқсатқан. Сол тауға өлең арнағаны да, сол өлеңінің мақаламен бірге жаңғырып, жарияланғанын тілегені де сондықтан.  

Бірақ, Жетімтау тағы да жетімсіреп қалды емес пе! 

Фариза апамның «Жетімтау» атты өлеңін оқып отырғандағы дірілдеген дауысы құлағымда қалып қойыпты. Енді ол мәңгі сақталатын шығар. 

Жаныңыз жәннатта болсын, жан апа Фариза апа!

Фотомұрағат
Бізбен бірге болыңыз