***
Ей, жалған, тура қара, қара маған!
Мен едім сені өлең ғып даралаған,
Сен едің бір-ақ сәтте қаралаған,
Ей, жалған, тура қара, қара маған!..
Тиеді оңай дейсің сынақ кімге,
Қайғыдан жүрмесек те жырақ мүлде.
Ет жақын екі адамым, іліп алып
Ұядан тастай салды бір-ақ күнде.
Сезді ме қатайғанын қанатымның,
Қалдым-ау құшағында қара түннің.
Кермек жас кеңсірікті бір ашытып,
Бұлт тіліп, әлсіз самғап баратырмын.
Білмеймін, арыз көп пе, өкпе көп пе,
Кермек жас, жоқтау боп кет, текке кетпе.
Сүйегі қуармайтын қу шұнағым,
Ей, жалған, кел енді, кел бетпе-бетке!
Жүректің қос тамыры жарылғандай,
Мұндайға дауа болар сабыр бар ма-ай?!.
Ол деген – күн батқандай дүние екен,
Қыранның қартайғаны ауыр қандай.
Үзілген моншақтарды уыстап құр,
Уы көп өткінші өмір ту ұстап тұр.
Түбінде жас қалмайды бұл көзде де,
Сол кезде сөйлесерміз дұрыстап бір,
Ей, жалған!