Ерлан Жүніс: Апа-ау, жан апа-ау...

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2015 06:44
Ерлан Жүніс: Апа-ау, жан апа-ау...

Алдыңғы күннің түнінде анам түс көріп, таңертең жорып отырып еді. "Түсімде Мұқағалиды көрдім. Жарықтық қартайып кетіпті" деді. Менің анам - Мұқағали мен Фаризаның ең үлкен оқырманы. "Сен құрсақта жатқаныңда оң қолымдаФариза, сол қолымда Мұқағали, ал жанымда әкең бақтан теріп алып келетін екі шелек алма болатын. Екеуін кезек-кезек оқитынмын және ойша екеуін кездестіретінмін"дейтін. Фариза апамның қазасын анама естірткенімде, ол кісі бозарып, ұзақ отырып қалды. "Мұқағали сол үшін келген екен ғой" дегеннен өзге ештеңе демеді...Ең ғажабы, анамның Фариза апаммен ұқсастығы көп еді. Түр-тұлғасы да, мінез-құлқы да қалтықсыз ұқсайтын. Жас күнінде, және кейін мен ержеткенде де "Сізді Оңғарсынова екен деп қалдық" деген жандарды көзіммен талай көргем. Біз Астанаға көшіп барғанда анам: "Мені Фаризамен жолықтыршы, жас күнінде сыртынан ғана көріп едім" деген. Ұлттық кітапханада біздің кітаптарымыздың тұсаукесері болған шақта, Фариза апамызбен қатарласа отырды. Кейін анамнан "сөйлесе алдыңыз ба?" деп сұрасам, "Мен Оңғарсыновамын" деді, мен "Сізді жақсы білемін" деп жымидым да қойдым. Соның өзі маған жеткілікті "деп күлді. ...Кейін Фариза апам маған іштей ренжіп жүретінін аңғара бастадым. Тіке барып, себебін сұрауға батылым жетпейтін. Астанадан көшетін кезде, ойымда бітпей қалған үш мәселе: Фариза апамның алдынан өту және үш кісіге қарыз ақшамды қайтару тұрды. Не болса да алдынан өтейін деп шештім. Оның үстіне Фариза апам Герман еліне емделуге кеткелі жатқан болатын. Ұлттық кітапханадағы бір шарадан соң, көлікке мінгелі тұрған кезінде "Апа-ау" деп қолынан ұстап алдым да, "Апа, Сіздің алдыңызда жазығым бар ма, айтыңызшы" дегенімде, Апам байырғының батырларындай қабағын түкситіп, бетіме бажайлап қарап тұрып: "Сен әдебиет менен басталады деп жүр екенсің ғой" демесі бар ма. Шын айтайын, шошынып қалдым. "Апа-ау, мен олай демеп едім" деген болдым. Шынында, олай демегем. Жанарым жасаурап кетті білем, апам жібіп, кәдімгі анамның жанарындағы мейірімдей мейіріммен қарап, "біреулер солай жеткізді ғой, қайтейін. Сен оған алаң болма. Және маған мұндайыңды көрсетпе!" (көзімнің жасаурағанын айтты-ау деймін) деп, бетімнен сүйіп еді. Ол кісіні мен анамдай көрдім, сондықтан ешқашан ренжітіп алғым келмейтін. Апа-ау, жан апа, шын айтамын, мен енді ешқашан мұндайымды көрсетпеймін!. Өйткені, енді менің бетімнен сүйетін Сіз жоқсыз ғой...

 

Фотомұрағат
Бізбен бірге болыңыз