Бір дәуірдің өткені...Және бір күндері бітуге бұйырылған жаңа дәуірдің басталғаны. Жауапкершілік. Ауыр жауапкершілік. Жалғыз емеспін, әрине. Дегенмен де.
Біз, Қадыр, Тұманбай, Фаризалардай бола аламыз ба? Эстафетаны алу бір бөлек, келесі бір буынға жеткізетін жолмен тура осы ақындар секілді ардан аттамай, әдебиетке адал, оқырманға ардақты боп өте аламыз ба? Міне, мәселе қайда!
Қадыр 22 қаңтарда, Фариза 23 қаңтарда, Тұманбай 10 қазанда қайтты. Әр дата да қазақ үшін ауыр.
Қадыр мен Тұманбайдың қайтқаны жүрекке қатты тиген еді. Екеуінің де көзін көрдім, дәмдес болдым, сапарға бірге шыққам. Әңгімесін тыңдадым, батасын алдым.
Фаризаның қайтқаны екі қазадан да ауыр тиіп отыр. Себебі, Фариза - нәзік жанды ғой. Оның жаны өлім түгілі, қаттырақ шыққан сөзден ауырмаса деуші едім. Өлеңдерін білген соң, солай ойлайтынмын.
Кездескен сайын марқұм апам, маңдайымнан сүйіп, көзіме ұзақ қарайтын. Не ойлайтынын өзі және Құдай ғана білетін. Фариза апайдың маңдайымнан сүйгені және осылай қарағаны - анамнан көрмеген мейірім сыйлаушы еді.
Неткен ақымақ едім! Бір шоқ гүл алып, үйіне барсам, аяғым сынбас еді ғой.
Ерінгеннен емес, жағымсыз қылығымды көріп қалып, көңілі суып қалар деп қорқатынмын.
Енді ол менің қандай екенімді 5-ке білетін жағдайға өтті. Енді түзу жүрмесек тіпті ұят болар.
Бақұл болыңыз, маэстро!