Дәурен Берікқажы: Қош, апа...

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2015 06:35
Дәурен Берікқажы: Қош, апа...

Желтоқсан айының 15-нен бері Фариза апамыздың алдында төрт мәрте болдым. Алғашында апамыз жатқан емханаға Семейден ат арылтып келген Тыныштықбек ағамызды алып бардым. Одан кейін жаңа жылдың алдында Исламбек ағамызбен апайдың үйіне сыйлығымызды құшақтап кіріп, хал сұрап шықтық. Саумал керек дегесін, артынша бір-екі күн өткенде Исахаңның ыждаһаттылығының арқасында саумал табылып, соны алып бардым. Ол кезде қасыма Танакөзді ертіп алып едім. Қаңтардың 14-күні кіруіме себепкер тағы да Исламбек ағамыз болды. Айтуынша, саумал алдырып қойған екен, соны апарып берші деді. Мен мейрамда Жаңарқадан Танакөздің үй-іші апамыз үшін атап беріп жіберген қымызды апарып берудің ретін таппай жүргем, соларды ала сап Жәкеңе – Жанат Әскербекқызына хабарластым. Мұның бәрін санамалап айтып отырғаным, апамыздың алдына барған сайын біреуді ертіп барғым келіп тұратын. Көңілі көтерілсін, дидарлассын деген оймен. Апаның ақындарды сағынып, өз ортасын іздеп отырғанын сезу оншалықты қиын емес еді. Барған сайын шөгіп, кірген сайын қуарып бара жатқандай көрінетін апам сонда да мықты еді ғой, мықты еді. Жас ақындардың өзі түгілі, балаларына дейін түгендеп, соңғы жаңалықтарды сұрап, пікірін айтып, тіпті әзілдеп қойып отыратын. Жаңа жылдың алдында үйінде болғанымда, қасына отырғызып, қолымның сыртынан ұзақ ұстап отырып қалды. Көзім жасаурап кетті...апам сол кезде біртүрлі қоштасып жатқандай көрінді. Сосын үйдегі қызмет көрсетіп жүрген қыздарды шақырып, Танакөзге үлкен корзинамен сыйлық бергізді. Біздің шыр-пырымызға қараған жоқ. Ауылдағы баланы бағып жатқан адамдарға апарып берерсіңдер, күтсеңдер соларды күтіңдер деді. Айтпағым, Фариза апамыз біреудің тағдыры үшін алаңдай білетін санаулы қаламгерлердің бірі еді. Өзі үшін ғана емес, өзгелер үшін де қандай от пен суға түсуден тайынбайтынын сан мәрте көрсеткен апамыздың енді өзін сан мәрте жоқтататыны айтпаса да түсінікті. Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын, асыл Апа, ардақты Ақын! 

PS. Сөз соңында Фариза апамыздың Германияда ем алуына айтарлықтай қаржы бөліп, қолынан келгенінше алғаусыз көмектескен Исламбек ағамызға көптің көзінше өз алғысымды жеткізгім келеді.

Жан апа, сен өлдің бе, мен өлдім бе, 

Айналып жылай берем келемін де - 

Тамыр жоқ тобырменен тереңінде, 

Өмір жоқ өзімшілмен өлеңінде! 

 

Жан апа, сен өлдің бе, мен өлдім бе, 

Осыған жетпей қойды өрем мүлде. 

Сәулеге сенен түскен сеніп жүріп 

Сорымен қалып қойған сор елінде! 

 

Жан апа, сен өлдің бе, мен өлдім бе, 

Өксіктен өзге түк жоқ өзегімде.  

Соңғы ақын,  

хош бол енді, соңғы дәуір, 

Салтанат құрған жырмен өз елінде! 

Фотомұрағат
Бізбен бірге болыңыз