Бауыржан Бабажанұлы: АПАЙ

Сәрсенбі, 08 Сәуір 2015 05:48
Бауыржан Бабажанұлы: АПАЙ

1989 жыл. КазГУ-ден «құлап», Алматы станок жасаушылар зауытында жұмыс істеп жүрмін. Қол боста кітап дүкендерін аралаймын. Бір күні қолыма Төлеген ағамның «Бір тойым бары» мен Фариза апамның «Шашы ағарған қызы» түсті. Апайдың өлең кітаптарын оқып өстік қой, мына жинағы қолыма тигесін, барып, қолтаңба алуға бекіндім. Сол үшін, бір күн жұмыстан қалып, апайға келдім. «Жиналыс болғалы жатыр, күте тұрыңыз» — деді хатшы қыз. «Мен тек қолтаңба алам да шығам» — деп болмай кіріп кеттім. Апай шаншыла қарады. Сірә, баса-көктеп кіргенімді жақтырмаса керек. «Мен қолтаңба алуға келіп ем, басқа шаруам жоқ...». Пысы басты білем, даусым құмығыңқы шықты. Апай күрт жадырады. «Отыр» — деді сосын орындықты нұсқап. Хатшысына телефондап: «Жиналыс жарты сағаттан кейін болады. Бізге шай әкел!» — деп бұйырды. 

«Ал айналайын, әңгімеңді айт. Қай жақтың баласысың?» «Қарақалпақстаннан». «Ее, Төлегеннің жерлесі болдың ғой...». «Бір ауылданбыз». «Ал ағаңның бір өлеңін оқы». Мен төге жөнелдім. «Студентсің бе?» «Жоқ, жұмыс істеймін». «Неге оқымай жүрсің?». «Құлап» қалғам, келесі жылы тапсырамын...». Апай сәл ойланып қалды. Сосын телефонға жармасты: «Әләу, маған Қарақалпақстанның Білім министрін қос». — «Өткенде сондағы Білім министрлігімен арада сондағы қазақ балаларын Алматыда оқыту жөнінде әңгіме болған. Соларды тізіміне енгізу жөнінде сөйлесіп көрейін. Шайыңды іш...» — деді маған. Жүрегім атқақтап кетті. Шамам келгенше апайдың сұрақтарына жауап беріп отырмын. Телефон қайта шырылдады. «А, жарайды...» — деді апай. Сосын маған бұрылды: «Жиналыста екен. Сен маған дүйсенбі күні сағат 11-де кел! Сонда хабарласамыз. Міне, кітабың...». Көзім алды тұманытып кетті. Не айтқаным есімде жоқ. Есікке жақындай бергенімде артымнан: «Әй, — деген қатқыл дауыс естілді, — тағы анау болды, мынау болды деп мырыңдап, келмей қалып жүрме. Дүйсенбі күні 11-де!». Мен басымды изей бердім. Сол күні менен бақытты адам жоқ еді.  

Дүйсенбі. Апайдың кабинетінің алдында тұрмын. «Кірмей-ақ қойғаның дұрыс, апай қатты ашуланып отыр...» — деді хатшы қыз. «Жоқ, мен кіруім керек, өзі айтқан...». «Мүмкін, түстен кейін кірерсің, әдетте апай ашуланғанда ешкім кірмейді...». «Түстен кейін жұмысқа баруым керек...»  

Хатшы қызды бекер тыңдамаппын. Апай ит терімді басыма қаптады: «Мен, немене, міндеттімін бе, сені оқуға түсіруге? Айда, бар...». Шығып жүре бердім. Қатты қорландым. «Мен оқуға түсір деп пе екем? Өзі емес пе... Ендігі көрмегенім апай болсын!». Сол күні жұмыс та жайына қалды... 

Оқуға түскесін де, бітіргесін де апайдан аулақ жүруге тырыстым. Бір-екі рет Маралтай екеуміз «қолына түсіп» қалдық. Ондай кезде апай кәрін ана жындыға төгетін. Ол кісінің төбесі көрінгеннен екеуміз зытатынбыз... 

«Жалында» істеп жүргенде бірнеше рет тойда кездестік... 

Бірде Мейірхан аға екеуміз алдына кірдік. Апай — Мәжіліс депутаты еді. Менің хал-жайымды сұрады. Бірнеше рет сыртымнан жақсы лебіз білдіріпті. Бірде Маралтай екеуміз звондадық. Ықыластана сөйлесті. Бірде Ақтөбеге келгенінде де амандаса барып, әңгімесін тыңдадық. Бірнеше рет өзім телефон соқтым.  

Мейірхан ағаның 60 жылдығына келгенде қасында жүріп, біраз тыңдадым. Әдебиетке, өмірге қатысты көп дүниелер айтты. Сол күні қатты көңілденіп, Лена мен Света Айтбаеваны қасына шақырып алып, ән айтып та жіберді...  

...«Ой, как я научила женшин говорить, а как их заставить замолчать...» — дейді Анна Ахматова бір өлеңінде. Беу, жалған, күллі қазақ қыздарын «сөйлеткен» Фариза апай да өтті өмірден. Өлімімен әдебиеттің тұтас бір дәуіріне нүкте қойды. Алды жарық болғай!

Фотомұрағат
Бізбен бірге болыңыз